ҚР Президенттігіне экс-кандидат Жақсыбай Бәзілбаев тағы да сайлауға қатысу үшін ОСК-ге өтініш берді
АНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ҚР Президенттігіне экс-кандидат Жақсыбай Бәзілбаев 2011 жылдың 3 сәуірінде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш берді.
«Қалың көпшілік бұл азаматты таниды. Ол осыған дейін болған Президенттік сайлауларға да қатысқан болатын. Осымен Жақсылық Бәзілбаев Президенттік сайлауға қатысу үшін үшінші рет өтініш беріп отыр. Осыған дейінгі кезекті екі сайлауда ол өзінің кандидатурасын алып тастаған болатын», - деді ОСК хатшысы Бақыт Мелдешев.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс Президент сайлауына қатысу үшін өтініш беріп отырған 17-ші азамат.
Осылайша кезектен тыс Президенттік сайлауға түсуге үміткер адамдардың саны - 12 адамды құрап отыр. Сайлауға тек екі азамат қана саяси партиялардың атынан түсуге ниеттеніп отыр. Олар - кандидатурасын «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ұсынған қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы ұсынған партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркеді.
Тағы ескерте кететін мәселе, ОСК-ға өтініш берген 17 азаматтың екеуі, атап айтқанда «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров пен уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмады. Осы себепті Орталық сайлау комиссиясы аталмыш үміткерлерді тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады. Сондай-ақ тағы бір үміткер Бастион-Аст» күзет агенттігі» ЖШС-ның күзетшісі 48 жастағы Толыбай Баймурзин лингвистикалық комиссияның сынына өте алмады.
Сондай-ақ Президент сайлауына қатысатындығын білдіріп ОСК-ға өтініш берген павлодарлық зейнеткер Зәуре Масина мен Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны Советқазы Нұрсила өтініштерін қайтарып алды.