ҚР Президенттігіне кандидат Ғ. Қасымов өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен кездесті

АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Президенттігіне кандидат, Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов өзінің сайлау алды науқаны аясында Бостандық ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен кездесті.

ҚР Президенттігіне кандидат Ғ. Қасымов өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен кездесті

Ғани Қасымов кездесуде мекеме қызметкерлерін сайлау алды бағдарламасымен таныстырып, өрт сөндіру қызметінің жұмысымен, ондағы мәселелермен танысты.

Оның айтуынша, еліміздің өрт сөндіру стансаларына лайықты көңіл бөлініп отырған жоқ. Бөлімді қарап, танысып шыққан кандидат: «Өрт сөндіру орындары қажетті құрал-жабдықтармен жеткілікті жабдықталмаған, көліктер де жеткіліксіз, мамандар санын көбейту қажет, жалақыларын өсіріп, үй-жай мәселелерін де шешу керек. Мұндағы 4 көлік өте аз, 8 өрт сөндіру көлігін алу қажет. Кеше өздеріңіз білесіздер, ең жоғары технологиялы ел Жапония апатқа төтеп бере алмады. Ал, Алматы сейсмоқауіпті жер екенін ескерсек, біз әрқашан төтенше жағдайларға дайын болуымыз керек. Сондықтан, өрт сөндіру стансыларының жағдайларына ерекше назар аударуымыз қажет», - деді.