ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары 3 наурызда басталатын болды

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары 3 наурызда басталатын болды. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
None
None

Оның сөзіне қарағанда, сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары 1 сәуір күні сағат 24.00-де аяқталады. Дауыс беретін күннің алдындағы күні және дауыс беретін күні үгіт жүргізуге тыйым салынған. Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын немесе демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.

Президент сайлауы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Кандидаттардың бұқаралық сайлау алды шараларын өткізуге және кандидаттардың сайлау заңнамасымен көзделген үгіт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды, сондай-ақ кандидаттардың көліктік шығындары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

Бюджеттен бөлінген қаражатқа аймақтық сайлау комиссиялары иелік етеді және оның мақсатты пайдаланылуы үшін жауапкершілік алады. Үгіт науқаны жүргізілуі үшін президенттікке кандидаттар сайлау қорларын құруға құқылы. Президенттікке кандидаттың сайлау қорының шекті мөлшері 431 млн. 973 мың теңгені құрайды. Бұл қорлардың қаражат көздеріне және жұмсалуына заңнамаға сәйкес қаржылық мониторинг жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар