ҚР Президенттігіне кандидаттарға үгіт жұмыстарына 7 млн. теңгеден бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджет қаржысынан 7 млн. теңгеден бөлінеді. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталған шығыстарды белгілеу туралы қаулы қабылданды.

ҚР Президенттігіне кандидаттарға үгіт жұмыстарына 7 млн. теңгеден бөлінеді

«Республикалық бюджет қаржысы есебінен кандидаттардың үгіт-насихат және көлік шығыстары өтеледі. Сондықтан аталған шығыстардың мөлшерін белгілеу туралы қаулы енгізіліп отыр. Теледидар бағдарламасы бойынша сөз сөйлеулерге 5 млн. 250 мың теңге, радиодан сөз сөйлеуге 200 мың теңге, баспа басылымдарда екі мақала жариялауға 810 мың теңге, сайлаушылармен кездесулер үшін үй-жай жалдауға 200 мың теңге, үгіт-насихат материалдарын басып шығаруға, 250 мың теңге және көлік шығыстарына 300 мың теңге қарастырылады. Жалпы сомасы 7 млн. 10 мың теңгені құрайды», - деді қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК төрағасының орынбасары В.Фосс.

ҚР ОСК мүшелері қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады.