ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тағы 1 азамат өтініш берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясына ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тағы бір азамат өтініш берді. Ол өзін өзі ұсынып отырған - Есжанов Қанат Сабырұлы.
1962 жылы дүниеге келген ол Астана қаласында тұрады. Есте болса, бұл азамат 2011 жылғы президенттік сайлауға да қатысуға талпынған болатын. Ол кезде Қ.Есжанов ҚР Президенттігіне үміткелердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия сынынан сүрінген еді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта үміткерлердің саны 25 адамға жетті. Оның 23-і сайлауға өзін-өзі ұсынғандар, ал екеуін, атап айтқанда, Н.Назарбаевты «Нұр Отан» партиясы, ал Т.Сыздықовты Қазақстанның коммунистік халық партиясы ұсынған. Қазіргі уақытта олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексеріліп, кейбірі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру үстінде. Мәселен, 8 үміткерді тіркеуден бас тартылды. Олардың 2-еуінің жасы Конституцияға сәйкес сайлауға түсу жасына толмаған. 6-уы лингвистикалық комиссия сынағын тапсыра алмады. 5 адам лингвистикалық комиссия сынағын тапсырды. Олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексерілді. Олар қазіргі уақытта сенімді тұлғаларын тіркеп, қол жинау жұмысымен айналысуда.