ҚР Президенттігінен үміткер Ғани Қасымов «Невада-Семей» қозғалысының өкілдерімен кездесті

АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін ҚР Президенттігінен үміткер Ғани Қасымов Алматыдағы штабында «Невада-Семей» қозғалысының өкілдерімен кездесті.

ҚР Президенттігінен  үміткер Ғани Қасымов «Невада-Семей» қозғалысының өкілдерімен кездесті

Кездесуге «Радиация.Экология.Денсаулық» комитетінің төрағасы Виктор Инюшин, медицина ғылымының докторы Майра Жангелова, Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті Харон Дадаев, осы ұйымның өкілі Рүстем Тұрсымбаев, Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының атқарушы директоры Иван Литвинов, сондай-ақ, аталмыш ұйымның ғылыми хатшысы Людмила Прус қатысты.

Жиын барысында Жапония елінің жағдайы сөз болды. «Радиация.Экология.Денсаулық» комитетінің төрағасы Виктор Инюшиннің айтуынша, жапон жерінде болып жатқан жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. "Жер шарындағы барлығымыз бір кемеде отырмыз. Сол себепті, ол жақта орын алып отырған бұл жағдайға бей -жай қарамауымыз керек. Қазақстан аумағы техногендік апаттар орын алуы мүмкін аймақтардың бірі. Сол себепті, біздер қолымыздан келетін жағдайларды жасауымыз керек. Мысалы, су тасқындарының алдын алуға болатын бөгеттердің жағдайларын бақылап отыруымыз керек. Таулы аймақта орналасқан тұрғындарды сел қаупінен сақтану шараларын ескертіп, көмек көрсетіп, керек болса қауіпсіз жерлерге көшіру керек»,-дейді ол.

- Әр түрлі тосын оқиғаларға біздің құтқару қызметтеріміз дайын болуы керек, -деді Ғани Қасымов. -Жедел жәрдем қызметі де соған сай болуы тиіс. Бұл - бірінші кезекте тұратын мәселе болуы керек.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар атом энергетикасы төңірегінде бірқатар ой-пікірлерімен бөлісті. "Болашақта да аталмыш ұйыммен тығыз байланыс орнатып, алға тартылған мәселелерді қарап, оны шешу жолдарын да ойластырамыз", - деді Ғани Қасымов.