ҚР Президенттік мәдениет орталығы Конституция мерекесін атап өтті

АНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР  Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Республикасы Конституциясының 14 жылдығына арналған «Ата Заң - ел тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті,

ҚР Президенттік мәдениет орталығы Конституция мерекесін атап өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мерекелік шара Орталықтың «Тәуелсіз Қазақстан және оның негізін салушы Н.Назарбаев» залында өтті.

«Оның басты мақсаты, еліміздің ертеңі мен болашағы - жастарға Ата Заңымыздың қадір-қасиетін, мақсаты мен бағыт-бағдарларын насихаттау және патриоттық тәрбиені дамыту, сондай-ақ Конституцияны құрметтеуге дәріптеу болып табылады», - деп атап өтті Орталық директорының мұражай және ғылым жұмыстары жөніндегі орынбасары Бибінұр Санақұлова.

Б.Санақұлованың айтуынша, тамыздың 30-ы - Конституция күні Президенттік Мәдениет орталығының қабырғасында жыл сайын үлкен салтанатпен атап өтіледі. Оған мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері барынша тартылады. Бұл жолғы шара Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп оқушыларының күшімен әзірленген бағдарлама аясында өтті. Оқушылар Конституция күніне, жалпы тәуелсіз Қазақстан Республикасына арналған өлең жолдарын, ән-жырларды тарту етті. Өз кезегінде олар қатысушы қонақтардан Ата Заңға қатысты сауалдарына жауаптар алды.

Шара барысында сондай-ақ, Орталықтың негізгі кітап қорынан «30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ҚР Президентінің телерадиокешені түсірген «Конституция мұраттары» атты деректі фильмнен үзінділер көрсетілді.