ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өтеді
АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Наурыздың 21-інде ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара өтеді. Бұл ақпаратты аталған орталықтың баспасөз қызметі таратып отыр.
«Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы биылдан бастап түрк, парсы және кавказ халықтарында ғана емес, 200-ге тарта ел ұйысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының көлемінде дүбірлетіп аталып өтпек. БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық Наурыз мейрамы» қарарын бірауыздан қабылдап, наурыздың 21 - ші күнін әлемдік мереке ретінде белгіледі. Осыған орай, Наурыз мейрамы қарсаңында көпшіліктің мерейін асырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын шараларды қолға алатын ҚР Президенттік мәдениет орталығы бұл жолы да өзінің тұрақты мәдени іс-шараларын ұйымдастырып отыр», делінген баспасөз хабарламасында.
Іс-шараның мақсаты - жыл басы деп саналатын, тарихы тереңде жатқан ең көне шығыс халықтарына тән ұлттық мерекені Елорда тұрғындары мен қонақтарына кеңінен насихаттау және қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін көрсету арқылы рухани-эстетикалық мәдениетті арттыру және мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара Орталықтың көрме залында сағат 10.00-де ұлттық дүниетанымға қатысты мұражайлық құндылықтардың негізінде жасалған кәдесый өнімдерінің көрме-жәрмеңкесінің тұсаукесерін ашумен басталады. Көрме-жәрмеңкеге зергерлік өнердің шебері Берік Әлібайдың қолынан шыққан барлық зергерлік өнімдері - әшекей бұйымдары, әтірге арналған сауыт, шақша, ер адамның белдігі, қылыш, күмістен жасалған ат әбзелдері қойылады. Мәлік Әбділдиннің де керамика мен фарфордан жасалған кәдесый өнімдерінің 15-тен аса түрі - жазу құралдарына арналған үйкек, құмыралар, дастарқан жабдықтары, түрлі логотиптегі кәдесый табақтары да көрмеден орын теппек. Сондай-ақ мұнда ҚР Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың «Сақтар шайқасы», «Самұрық» сияқты тарихи тақырыптағы төл туындылары бар.
«Халық назарына ұсынылып отырған кәдесый өнімдерінің көрме-жәрмеңкесін тамашалаған халық түрік елінің дәстүрлі саз өнері шеберлерінің - Түркиядан арнайы шақырылған Гиннестің рекордтар кітабына енген өнер қайраткері Ферхат Дурмуш бастаған мәдениет өкілдерінің өнерін тамашалайды. Түрік елінің дәстүрлі саз өнері шеберлерінің бағдарламасы аяқталған соң, концерт Ұлттық дәстүрлер театрының наурыз мейрамына дайындаған театрландырылған концерттік бағдарламасымен жалғасады. Кеш соңында келген қонақтар орталық қызметкерлерімен бірге «Қара жорға» биін билейді. Орталық директорының тапсырмасымен ұжымның барлық қызметкерлері бұл биге, бір ай бойы күнделікті 15 минуттық жұмыс уақытындағы жаттығу ретінде билеп дайындалуда», деп нақтылай түскен баспасөз қызметі.
Мерекелік кештің соңында жиылған халық арнайы дайындалған наурыз көжеден дәм татады. Мерекелік іс-шараға қоғам қайраткерлері, депутаттар, елордалықтар мен қала қонақтары, БАҚ өкілдері шақырылып отыр.