ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Отан үшін отқа түс күймейсің» атты көрме өтті
«Жыл сайын Жеңіске арналған талай экспозициялар ашылып жатады. Бүгінгі көрменің бір ерекшелігі, бұл жерде бұрын-соңды көрсетілмеген экспонаттар қойылып отыр. Көрмеге қойылған материалдар арқылы соғысқа, Ұлы Жеңіске Қазақстанның, соның ішінде қазақ халқының қосқан үлесін көріп-білуге болады», - дейді ҚР Мәдениет министрлігінің өкілі Базарбай Алтаев.
Көрмеге армия генералы Баһадүрбек Байтасовтың, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың, партизан-жазушы Әди Шәріповтың, ұшқыш Константин Грязновтың жеке заттары, әскери киімдері қойылды. Сонымен қатар майданнан келген хаттар, майдандық құжаттардың түпнұсқалары, жауынгерлердің соғыста пайдаланған ыдыстары келушілер назарына ұсынылды.
Аталмыш шараға ҰОС ардагерлері, ҚР мәдениет министрлігінің өкілдері мен Астана қаласының №40 жжәне №10 мектеп оқушылары қатысты.
«Жеңістің 65 жылдық мерейтойы күннен күнге жақындап келе жатыр. Бұл жеңісті көргендер де бар, көрмегендер де бар. Жастарға менің айтарым: келешек сендердің қолдарыңда.Осы бейбітшілікті, елдің егемендігін сақтай біліңіздер, ілгері апара беріңіздер» деді соғыс ардагері Ахат Бекмади.