ҚР Президенттік мәдениет орталығының мұражайы Алаш арысы, ақын Міржақып Дулатовтың жеке заттарымен толыға түспек
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Президенттік мәдениет орталығында Алаш арыстарының бірі, қайраткер,
ақын Міржақып Дулатовтың тайжақы ішігін мұражай қорына қабылдау рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тарихи тұлғаның артындағы мұрасын Орталыққа ақынның қызы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова сәуірдің 23-і күні өзінің Алматыдағы пәтерінде тапсырған болатын.
Бүгінде 90-ның белесіне шыққан Г.Дулатованың айтуынша, Міржақып Дулатов бұл тайжақы ішікті астана Орынбордан Қызылордаға көшіп келген 1925 жылы бір еврей ісмер тігіншіге арнайы тіккізген. Содан 1928 жылы қамалып, айдалып кеткенге дейін үш жыл бойы үстінен тастамай, қадірлеп киген. Кейін тайжақыны ақынның жары Ғайнижамал Дулаткеліні 1940 жылға дейін жел-күнге тигізбей, көзінің қарашығындай сақтап, қызы Гүлнәрға мирас етіп қалдырады. Гүлнәр апай аталмыш тайжақыны әкесінің қарашығындай көріп қастерлеп, бүгін оны сол бүтін қалпында келер ұрпаққа аманат етіп тапсыруда. Ұлттық мәдениетімізді байыта түсетін бұл мұра Президенттік мәдениет орталығы мұражайының төрінен орын алары сөзсіз.
Сондай-ақ М.Дулатовтың әлеуеті тайжақымен қатар, ақынға қатысты құжаттарды, хаттар мен фотосуреттерді сыйға тартты. Олардың арасында 1914 жылы «Қазақ» газетіне М.Дулатовтың өз қолымен жазған өмірбаянының көшірмесі, Міржақыпқа жазған Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Тәлеулиннің, М.Мурзиннің хаттары мен ақынның «Қазақ», «Еңбекші қазақ» газеттерінде жұмыс істеген жылдары түскен суреттері бар.