ҚР Президенттіне кандидаттардың алғашқысы мемлекеттік тілден сынақ тапсыруда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия үміткерлердің бірі Асқар Сырғабаевтан сынақ алуда.
Кандидат қазіргі уақытта лигвистикалық комиссия ұсынған тақырыптардың ішінен «Әлемдік дағдарыс және Қазақстан экономикасы» тақырыбына көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша жұмысын жазу үстінде.
ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің таныстыруынша, кандидат 1959 жылдың 31 қаңтарында Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Қызылжұлдыз ауылында дүниеге келген. Қазақстан азаматы. Ұлты - қазақ. Білімі жоғары.
«Асқар Жорабайұлы, сіз сынақтың үш деңгейінен өтесіз. Бірінші, жазба жұмысын жазасыз. Біз ұсынған тақырыптың ішінен біреуін таңдайсыз да бір сағат шығарма, эссе жазасыз. Бір сағат жетпей жатса, тағы жарты сағат уақыт қоса аламыз. Осы бір жарым сағат ішінде екі парақ жазба жұмысын өткізуіңіз керек. Екінші кезеңде алдын ала бекіткен қазақ әдебиетіндегі бетке ұстар авторлардың шығармаларынан таңдау жасайсыз. Комиссия мүшесі сол сіз таңдаған кітаптан үш баспа табақ таңдайды. Үш баспа табақтың деңгейінде таңдалған шығарманы оқып бересіз. Барынша көркем, ырғақты оқығаныңыз дұрыс болады. Үшінші сынақ - еркін тақырып. Еркін тақырыптың біреуін таңдағаннан кейін тағы бір сағат уақыт беріледі. Бір сағат дайындалғаннан кейін комиссияның алдында он бес минут сол төңірегінде еркін сөйлеп бересіз. Осы сынақтар біткеннен кейін комиссия жеке бөлмеге талқылауға кетіп, Сізге баға береміз", - деді М.Жолдасбеков.