ҚР Президенттінің мәдениет орталығы елорда жастары үшін «Ашық есік күнін» өткізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президенттік мәдениет орталығының қызметкерлерінен құралған «Нұр Отан» ХДП-ның бастауыш партиялық ұйымы ұйымдастырған шараның басты мақсаты - елорда жастарын еліміздегі іргелі, әрі бірегей мәдениет орнымен, онда орналастырылған Қазақстан халқының тарихи-мәдени байлықтарын айшықтайтын құндылықтармен және кітапхана қорымен таныстыру.
Студент жастардың алдында сөз алған Орталықтың директоры Мырзатай Жолдасбеков, Елбасы Н.Назарбаевтың сызба жобасымен салынған Мәдениет орталығы салтанатты түрде 2000 жылы ашылғанын жеткізіп, алдағы уақытта мұндай ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары атқарылған игілікті істердің барлығын халыққа көрсету үшін мұражайдың басқа саласын қалыптастыру көзделіп отырғандығын жеткізді.
Мәдениет орталығы үш саладан - 700 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханадан, концерттік зал және 11 залға бөлінген мұражайдан тұрады.
Мұражайдың «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушы Н.Назарбаев» залынан егемендік жылдары қабылданған маңызды құжаттарды және шет мемлекет басшыларының Елбасына тарту еткен жалпы саны 250 кәдені көруге болады. Сондай-ақ Орталықта Иманғали Тасмағамбетовтың жеке топтамасынан алынған 1 мың 500-ден астам зергерлік бұйым қойылған зал, көшпенділер өркениетіне, этнографияға және тағы басқа да тақырыптарға арналған залдар жұмыс істейді.