ҚР Президенттінің өкілеттігін ұзарту ұлттық мүддеден туындаған бастама - профессор Сағади Бөлекбаев

АЛМАТЫ. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Президентінің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастама ішкі-сыртқы мүдделерді бір арнаға тоғыстыра алады. Бұл пікірді философия ғылымдарының докторы Сағади Бөлекбаев бүгін Алматыда "Шығыс-Батыс дилеммасындағы қазақстандық даму жолы" деп аталатын жаңа кітаптың тұсаукесерінде айтты.

ҚР Президенттінің өкілеттігін ұзарту  ұлттық мүддеден туындаған бастама - профессор Сағади Бөлекбаев

"Қандай да бір шешім қабылдаған кезде ұлттық және мемлекеттік мүддені басты назарда ұстауымыз керек. Өйткені соңғы жылдары демократияның көшбасшысы саналатын Еуропа елдерінде болып жатқан әртүрлі жәйттар ондағы дағдарысты айқын көрсетуде. Бұл демократияның әлі қалыптасып болмағанының нақты айғағы. Сондықтан біз өз қоғамымыздағы экономикалық, саяси реформалардың арасындағы байланысты үзіп алмауымыз керек. Бұл бағыттағы өз жолымызда батыстық демократия түсінігін халықтық мүддеден жоғары қоймауымыз қажет", - дейді профессор Сағади Байзақұлы.

Оның пайымдауынша, барлық жағдайда халықтың өз таңдауын жасауына мүмкіндік беру керек. Ұлттық, мемлекеттік мүддені қорғау өте нәзік нәрсе. Онда "өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын" дұрыс жолды табу өте қиын іс. Қазір кейбір елдерде орын алып жатқан түрлі қарама-қайшылықтар ішкі және сыртқы мүдденің тоғыспауынан туындап отыр.