11:06, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы ұлттық мәдени бренд қалыптастыруға өз үлесін қоспақ
АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Сауда- өнеркәсіп палатасы қазақтың ұлттық мәдени брендін дамыту мен насихаттауға өз үлесін қоспақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Елдің өркениетті болуы ұлттық тарихи ұғымдарын сақтап қана қоймай, өз қауызынан шығып, тарихынан тамыр алған мәдени жетістіктерін заман талабына сәйкестендіріп бүгінгі ұрпаққа жеткізе білуінде деп ойлаймын. Елімізге іскерлік, мәдени және тағы басқа да мақсаттармен келетін шетелдіктер саны жыл өткен сайын артып келе жатыр. Алайда біз оларға өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді өз деңгейінде көрсете алмай жүрміз. Этнографиялық музыкаларды тыңдайтын арнайы орын жоқ. Тіпті оларға ұсынатын ұлттық сый-кәделерді де таппай жүрміз. Мәселен, қолөнершілер жасайтын түйенің бейнесінде жасалатын сый-кәделер қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмендерге ортақ болып кетті. Сондықтан қазақты әлемге әйгілейтін өзге ешкімде жоқ өзіндік салт-дәстүрі мен ғұрпын қайта жаңғырту қажет», - дейді Алматы қалалық сауда-өнеркәсіп палатасы президумы төрағасының орынбасары Мұхтархан Биаров. Дүниежүзілік сауда-өнеркәсіп палатасы жүйесіне кіретіндіктен енді олар әлемнің әр қиырында өтетін көрме, конференция сияқты түрлі алқалы жиындарға ұлттық бұйымдарды өндірушілердің қатысуына қолдау көрсетпекші. Мәселен, өзге елдердегі өз серіктестері ұйымдастыратын іс-шаралар туралы тұрақты түрде мәлімет беріп, онда қазақтың ұлттық бұйымдарына қызығушылық танытатын адамдарды жинап, кездесулер ұйымдастыруға ұйытқы болмақ. Өйткені әлемдік нарықта қазақ елін өзге мәдениет өкілдеріне таңсық көрінетін ұлттық бұйымдары арқылы ғана тез танытуға болады.