ҚР саяси жүйесін әрі қарай дамыту бойынша мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыныстардың тізімі жасалады

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат - Күзде «Демократия мәселелері жөніндегі 2020 жылға дейінгі іс-қимылдың ұлттық жоспарын» дайындау аясында Қазақстанда ҚР саяси жүйесін әрі қарай дамыту бойынша халықаралық қауымдастықтың мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыныстарының тізімі жасалады. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінің Арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен мәлім етті.

ҚР саяси жүйесін әрі қарай дамыту бойынша мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыныстардың тізімі жасалады

«Мен биылғы жылдың күзінде, шамамен қыркүйек-қазан айларында біздің мемлекеттік органдардың жұмысына сай келетін аталмыш ұсыныстарды алатынымызға үміттенемін. Бұл ұсыныстар Астанада баспасөз мәслихаты барысында жарияланатын болады», - деп атап өтті Ү. Сүлеймен бүгін елордада ЕҚЫҰ-ның адам құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға арналған дөңгелек үстел жиынында.

Елшінің айтуынша, қазіргі уақытта ҚР СІМ-нің «Адами өлшем жөніндегі үнқатыс алаңы» консультативтік-кеңес органы (ККО) Қазақстандағы саяси жүйенің әрі қарай дамуына арналған 68 ұсыныс дайындаған. Бүгінгі уақытқа дейін ККО-ның барлық салалары бойынша 3 отырыс өткізілді.

«Әр кездесуде жасалған ұсыныстарды біз Қазақстанның мемлекеттік органдарына жолдап отырдық. Олар өз кезегінде әрбір ұсыныстың аталмыш органның жұмысына қаншалықты қатысы барын айқындап беріп отырды. Соның негізінде біз ұсыныстардың мемлекеттік орган жұмысына сәйкестілігін жасауға тырыстық», - дейді елші.

Өткен жылдың соңында басталған ККО-ның сұхбат алаңының төртінші отырысы 20 қыркүйекке белгіленді. Онда адамдардың жеке құқықтары мен бостандығына қатысты тақырып кеңінен талқыланбақ.