ҚР СІМ АҚШ-та жол көлік апатында қаза болған ҚР азаматын Отанына жеткізуге жәрдемдесетінін мәлімдеді

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - 25 қыркүйекте Чикаго қаласының (Иллиноис штаты) Loyola University Medical Center медициналық орталығының интенсивті терапия бөлімінде ҚР азаматы Талғат Орымбаев қайтыс болды.

ҚР СІМ АҚШ-та жол көлік апатында қаза болған ҚР азаматын Отанына жеткізуге жәрдемдесетінін мәлімдеді

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Т.Орымбаев 14 қыркүйектен бастап, жергілікті жоғарғы жылдамдықты тас жолдарының бірінде БМВ автокөлігін айдаған 53 жасар АҚШ азаматы Терри Сэмс (Terri Sams) қағып кеткеннен кейін ауруханада болған. Т.Сэмс дер кезінде жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып, отандасымызға керекті алғашқы жәрдем көрсеткен.

Дәрігерлердің айтуынша, Т.Орымбаевтың алған жарақаттары ауыр болғандықтан, оның жағдайының түзелуіне еш мүмкіншілік болмаған. Қазақстандық азамат көз жұмған кезінде қасында анасы Қарлығаш Орымбаева болған.

Т.Орымбаевтың ата-анасы баласы қайтыс болғаннан кейін денесін Қазақстанға жеткізуде қолғабыс көрсету туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне өтініш білдірді.

Қазіргі таңда Қазақстанның Америкадағы Елшілігінің өкілі Чикаго қаласына барып марқұмның отбасына көмек көрсетуде, соның ішінде Т.Орымбаевтың денесін Қазақстанға жеткізу бойынша қажетті ұйымдастыру іс-шараларын атқаруда. Бұл мәселе жерлеу рәсімдерімен айналысатын американдық «Blair mozzarella funeral home» компаниясымен бірлесе шешілуде. Қазақстандықтың денесін елге жеткізуге қатысты барлық қаржылай шығындар Сыртқы істер министрлігінің есебінен өтелетін болады.

Т.Орымбаевтың денесі шамамен 1 қазанда Нью-Йорк қаласы арқылы Астанаға жіберіледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, отандасымыздың қайғылы қаза тапқанына АҚШ-тағы қазақстандық диаспора өкілдері де бей-жай қарамағанын атап өткіміз келеді. Олар Т.Орымбаевтың жанұясына 16 мың доллар шамасында қаржы жинады.