ҚР СІМ Анталиядағы жол апатынан зардап шеккендердің ішінде қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Түркияның Анталия қаласындағы жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтау үстінде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
Әнуар Жайнақов бұқаралық ақпарат құралдарына бұл туралы ақпаратты білгеннен кейін бірден хабар беруге уәде берді.
Еске сала кетсек, Анталиядағы жол-көлік оқиғасы салдарынан 20 турист зардап шеккен болатын. Бұл туралы Dogan агенттігі хабарлаған. Агенттіктің ақпаратына сәйкес, шетелдік және жергілікті туристерді алып кетіп бара жатқан шағын автобус Анталия-Кемер бағытындағы жер асты жолынан шығып келе жатып аударылып қалған. Жүргізуші жаңбырдың салдарынан рөлге ие бола алмай қалған. Туристердің қай елден келгені жазылмайды. Зардап шеккендердің бәрі ауруханаға жеткізілген.