ҚР СІМ басшысы Е.Ыдырысов ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрметті профессоры атанды

Өзінің құттықтау сөзінде Академия ректоры Б. Әбдірәсілов министрге Академия тыңдаушыларына дәріс оқығаны ризашылығын білдірді, Академияның негізгі қызметі және Сыртқы істер министрлігімен дипломатиялық кадрларды даярлау мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастығы туралы жан-жақты айтып берді.
Сыртқы саяси ведомство басшысы өз баяндамасы барысында Қазақстан Республикасының сыртқы саясат міндеттері мен басымдықтары, сондай-ақ қазіргі уақытта министрлік жүргізетін негізгі іс-шаралар жөнінде толық ақпарат берді.
Е.Ыдырысов Академияның профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттарының сұрақтарына жауап берді.
Академияның Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша дипломатия институтының дамуына және кәсіби кадрларды даярлауға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ерлан Әбілфайызұлы Ыдырысовқа Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрметті профессоры атағын беру туралы диплом салтанатты түрде табыс етілді.