ҚР СІМ басшысы қазақстандық дипломатияны дамытудағы әйелдердің үлесін атап өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов ведомство ұжымының әйелдерін алдағы Халықаралық әйелдер күні - 8 Наурыз күнімен құттықтады.

ҚР СІМ басшысы қазақстандық дипломатияны дамытудағы әйелдердің үлесін атап өтті

«8 наурыз еліміздегі ең жарқын да шуақты мерекелердің бірі. Бұл күні біз аса жылылық және сүйіспеншілік сезімдерімен біздің әйелдерге және отбасының тірегі және болашақ ұрпақтардың тәрбиешісі - аналарымызға құрмет көрсетеміз. Сіздер бізді ұлы істерге жігерлендіре түсесіздер», - деген Е.Ыдырысов оларға деген ізгі тілектерін айтты.

«Дипломатиялық қызметте те әйелдер өз әріптестері ерлермен бірге лайықты қызмет етуде. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде дипломат-әйелдер көптеген табыстарға жетті. Атап айтқанда, біздің құрметті ардагеріміз Ақмарал Арыстанбекованы атап өтуге болады, ол тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі болды, сондай-ақ жігерлі Бірғаным Әйтімова Қазақстанның Италиядағы, Израильдегі, Кубадағы елшісі, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі қызметтерінде Қазақстанның мүдделерін алға жылжытуға зор үлес қосты. Бүгінгі күні де ол ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар комитетінде жоғары қызмет атқарып жүр. Майнура Мырзамадиева Қазақстанның Нидерландыдағы елшісі және Химиялық қаруларға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы тұрақты өкіл қызметін қоса атқарып жүр. ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі Мәдина Жарбосынованы атап өткен жөн. ЕҚЫҰ-да біздің отандасымыз тұңғыш рет осындай жоғары лауазым атқарып отыр», - деді Е.Ыдырысов.

Бүгінгі күні министрліктің орталық аппаратында 130 әйел жұмыс жасап жүр, олар барлық қызметкерлердің 34 пайызын құрайды. Нәзік жанды әріптестеріміз басшылық қызметтерде де өздерінің қажырлы қабілет-қарымын көрсетуде.