ҚР СІМ БҰҰ ҚК-нің Сирияда соғыс әрекеттерін тоқтату туралы резолюциясын қолдайды
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сирия бойынша, осы елдегі гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін әскери қимылдардың тоқтатылуын реттейтін қарарын қабылдауды құптаймыз. Сирияның бірқатар өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Ғутада көптеген бейбіт азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың өліміне әкеліп соқтырған зорлық-зомбылықтың артқаны жағдайында бұл құжаттың маңыздылығын атап өтеміз»,-делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ онда қабылданған қарардың орындалуы халықаралық құқыққа сәйкес Сирияның зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық жəрдем көрсетудің қауіпсіз және кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдардың бірі болатындығы айтылған.
«Қарардың ережелерін толығымен сақтауға шақыра отырып, барлық мүдделі елдерден Сириядағы қақтығысты тез арада реттеу мақсатында қақтығысушы тараптар арасында сенім шараларын нығайту жолында нақты қадамдар қабылдауы үшін өздерінің беделі мен ықпалының пайдалануын күтеміз. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, Сирия бойынша Астана процесінің тәжірибесіне сүйеніп, осы елдегі ахуалды, бірінші кезекте Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Женевадағы келіссөздерді жалғастыру және оған жалпы практикалық қолдау көрсету арқылы бейбіт жолмен шешуге балама жоқ екеніне сенімді»,-делінген құжатта.