ҚР СІМ-де «Наурыз елшілері» халық аспаптары ансамблінің тұсауы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамына орай ҚР Сыртқы істер министрлігінде салтанатты шара өтті, оның барысында аталмыш ведомствоның «Наурыз елшілері» халық аспаптары ансамбілінің тұсауы кесілді.

ҚР СІМ-де «Наурыз елшілері» халық аспаптары ансамблінің тұсауы кесілді

Ансамбль құрамына сыртқы саяси ведомствоның 15 қызметкері енген, олар қазақтың дәстүрлі күйлерімен қатар, қазіргі танымал орындаушылардың туындыларын да орындайды. Ведомстводан хабарлағандай, ансамбль мүшелері домбыра, қобыз, шаңқобыз, жетіген, сыбызғы және басқа музыкалық халық аспаптарында өз өнерлерін паш етеді.

Министрлік қызметкерлерін көктемнің жаймашуақ мерекесімен құттықтаған ҚР СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов Наурыз мейрамының көктемнің символы, табиғаттың жаңарған күні болып саналатынын атап өтті. «Бұл кезеңде табиғат қана емес, адамзаттың болмысы да жаңарып, түлейді. Наурыз мейрамында туған-туыстар бір-бірімен қауышып, рухани жаңарады, өкпе-реніштері болса кешіріседі», - деді ол. Е.Ыдырысов бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқан ұлық мерекенің кеңес үкіметі үстемдік еткен жылдары қазақ халқынан алшақтатылғанын да айта кетті. Тек еліміз тәуелсіздік алған соң ғана Наурыз мейрамы қайта тойлана бастады. «Бәріңізге қуаныш, жылылық, бауырмалдық, рухани жаңару мен жаңа жылды жаңа күш-қуатпен бастауларыңызды тілеймін», - деді министр.