ҚР СІМ Египетте жүрген қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті барлық шараларды қолға алуда

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Соңғы кездері Египет Араб Республикасында қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР СІМ осы елде жүрген қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті барлық шараларды қолға алуда.

ҚР СІМ Египетте жүрген қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті барлық шараларды қолға алуда

Атап айтар болсақ, Египеттегі біздің азаматтарымызды шығару туралы шешім қабылданды, сондықтан таяу күндердің ішінде ТЖМ арнайы ұшақ рейсінің Каирге және ол жақтан Қазақстанға қатынасын ашу жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Египеттегі Қазақстан Елшілігі осы елді тастап кетемін деушілерден Қазақстанға кету туралы арыздар қабылдамақ. Ол үшін ҚР консулы Ербол Елубаевпен (8-10-20) 126-789-300 телефоны арқылы хабарласу қажет.

Сонымен қатар атап өтер жәйт, Каирден басқа Египеттің өзге де халықаралық әуежайлары күнделікті рейстерді қабылдап, шығарып жатыр. Сондықтан біз туристер көптеп баратын аудандардағы (Хургада, Шарм аль-Шейх және басқалары) қазақстандықтарға елден өз күшімен шығуға амал қолдануларына ұсыныс жасаймыз.

Ал осы елдегі біздің азаматтардың санына келер болсақ, Египеттегі ҚР Елшілігінде Қазақстанның 185 азаматы тіркеуде тұр. Олардың 156-сы біздің дипломаттардың көмегімен елге шұғыл оралуға ниет білдіріп отыр. Атап өту керек, қазақстандықтардың бір бөлігі өз еріктерімен келіп, елшілікте тіркелмей, жеке тәртіпте елді тастап кетуде.

Жоғарыда аталғандарға орай, ҚР СІМ қазақстандық азаматтарға осы елге сапарларды шектей тұру туралы кеңес береді. Бұл ұсыным 3 ақпанға дейін күшін сақтайды. Ол шектеудің алынып тасталуы немесе ұзартылуы қосымша қарастырылатын болады.