ҚР СІМ: Елбасының Минскіге сапары Қазақстан-Беларусь әріптестігін нығайта түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Минскіге сапарының бағдарламасы екі негізгі бөліктен тұрады - Беларусь Республикасына ресми сапары және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысуы. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Жұмағұлов мәлім етті.
«Қазіргі кезде Қазақстан-Беларусь екіжақты қарым-қатынастары өркендеу үстінде. Біздің ынтымақтастығымыз стратегиялық сипатқа ие болды. Екі ел ҰҚШҰ мен ЕАЭО - ірі еуразиялық бірлестіктерінің негізін қалаушылар болып табылады. ТМД елдері арасында Қазақстан Беларусьтің үш ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. 2017 жылдың 9 айы ішінде тауар айналымы 441,4 миллион долларды құрып, 60 пайызға артты», - деп атап өтті сыртқы саяси ведомствоның өкілі.
Талғат Жұмағұловтың айтуынша, екі ел басшылары сауда-экономикалық саласындағы, атап айтқанда, өнеркәсіптік, көлік және транзит, ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты нығайту және ақпараттық-компьютерлік технологияларды дамыту мәселелерін талқылайды деп күтілуде. Қазақстан Президентінің сапары аясында өтетін Қазақстан-Беларусь бизнес форумы осы мәселелерге бағытталатын болады.
«Қазірдің өзінде Қазақстан мен Беларусь өнеркәсіп саласында өте жемісті ынтымақтастықты дамытуда», - деп қосты СІМ Комитетінің төрағасы.
Қарағандыда карьерлер мен шахта техникасы, Семей, Қостанай, Павлодар, Оралда тракторлар, астық және жем-шөп жинайтын комбайндер, қозғалтқыштар, шөп жинағыштар, мамандандырылған (коммуналдық және өрт) техникалар, түрлі ауылшаруашылық техникалары және Ақтөбеде әртүрлі медициналық жабдықтар құрастырылады.
Мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық салалардағы қатынастарымыз қарышты дамып келеді. 2012 жылы Беларусь ұлттық техникалық университетінің жанында Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы ашылды, ал 2013 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанында Беларусь тілі, тарихы және мәдениеті орталығы жұмыс істей бастады. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь комиссиясы жұмыс істейді.