ҚР СІМ Кабулдағы лаңкестік салдарынан Қазақстан азаматшасының қаза тапқанын растады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Кабулдағы лаңкестер шабуылы салдарынан Қазақстан азаматшасының қаза тапқанын растады.

ҚР СІМ Кабулдағы лаңкестік салдарынан Қазақстан азаматшасының қаза тапқанын растады

«13 мамырда Кабулдағы «Park Palace Hotel» қонақ үйінде болған қаруланған лаңкестердің шабуылы салдарынан 1987 жылы туған ҚР азаматшасы Абдуллаева Айгерім қаза тапты. Ведомство көз жұмған азаматшаның туыстарына көңіл айтады», делінген сыртқы саяси ведомствоның хабарламасында.

А.Абдуллаева Ауғанстанға алғаш рет ағымдағы жылдың ақпанында өзінің жары, Ауғанстан Ислам Республикасының индустрия және сауда министрлігінде шетелдік кеңесші болып жұмыс істеген Италия азаматымен барған. Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Астанадағы демалысынан соң ол Кабулға қайта оралған.

13 мамырда аталған қонақ үйде тұратын шетелдіктер үшін кешкі сағат алтыда музыкалық концерт ұйымдастырылды. Шара барысында қаруланған бір топ лаңкес концертте өнер көрсетушілерге шабуыл жасаған. Лаңкестер қонақ үйдің күзетшілерін өлтіріп тастағандықтан, полиция қызметкерлері қонақ үй кешеніне бірден кіре алмады. Лаңкестер шетелдік азаматтарды кепілдікке алған. Қақтығыс 7 сағатқа созылды. Шабуыл жасағандардың барлығы өлтірілді.

Лаңкестердің әрекеті салдарынан сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Италия және Үндістан азаматтары мен жергілікті тұрғындар көз жұмды.

Кабулдағы ҚР Елшілігі аталған жағдайға қажетті барлық консулдық-құқықтық істерді атқарып жатыр. Олар қаза тапқан қазақстандықтың мәйітін туған жерге жеткізу бойынша қолдау көрсетуге әзір.