ҚР СІМ қажылыққа баратын Қазақстан азаматтарын барынша абай болуға шақыруда
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда жүрген және қажылыққа баратын Қазақстан азаматтарын барынша абай болуға шақырады. Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев айтты.
«Таяушығыстық респираторлық синдромына байланысты Оңтүстік Кореядағы ахуал өте қиын болып отыр. Қазіргі уақытта 2802 адам карантинде, 8 немесе 7 адам қаза тапты. 2208 мектеп жабылды, 95 адам аталған вирусты жұқтырған. Бүгінгі күні Сеулдегі Елшілігіміздің мәліметтеріне сәйкес біздің елдің шамамен 500 азаматы тіркелген. Бұған қоса, Оңтүстік Кореяда уақытша 3 мыңнан астам азаматымыз жүр. Мен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында визасыз режім орнатылғандығын атап өткім келеді. Сонымен бірге Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында тұрақты әуе байланысы жолға қойылған», - деді ол.
Осы ретте СІМ ресми өкілі Оңтүстік Кореяда жүрген барлық Қазақстан азаматтарын абай болуға шақырды. Ол вирусқа шалдығу дерегі 2012 жылы тіркелгендігін, оның Таяу Шығыс елдерінен оралған корейлік болғандығын еске салды.
Сонымен қатар А.Әбибуллаев 18 маусымынан Рамазан айы басталатындығын, ол аяқталғаннан кейін көптеген қазақстандықтар Сауд Арабиясына қажылыққа атанатындығын атап өтті. Бұл елде таяушығыстық респираторлық синдромына шалдығып, 95 адам мерт болған. Сондықтан аталған елге барғанда барынша абай болған жөн.
Ресми өкіл мұнан бөлек, Қазақстанға вирустың таралуына жол бермеу мақсатында халықаралық әуежайлар сәйкесінше жұмыс режіміне көшіретіндігін баса айтты.