16:31, 20 Сәуір 2013 | GMT +5
ҚР СІМ мәлімдемесі: Бостондағы лаңкестікке күдіктілердің Қазақстанға еш қатысы жоқ
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Бостондағы лаңкестікке күдіктілердің Қазақстанға еш қатысы жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
«Баспасөз құралдары таратқан Бостондағы оқиғаларға қатысты қайшы хабарламалар бізге белгілі. Бұл ақпараттарға сәйкес күдіктілер бұрын бірнеше мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да тұрған. Бүгінге дейін біз бұл хабарламаларды растайтын деректерді таба алмадық. Өзіміздің тарапымыздан біз америкалық әріптестерімізге барынша қолғабыс көрсетуге дайынбыз. Қазақстан лаңкестік актілердің қандай формада болмасын, барлық түрін үзілді-кесілді батыл айыптайды және Бостон тұрғындарына шын жүректен ниеттестігін білдіреді», - делінген мәлімдемеде.