ҚР СІМ Оңтүстік Кореяда қазақстандықтың жарылыстан зардап шеккендігі туралы ақпаратты тексеруде
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда қазақстандықтың жарылыстан зардап шеккендігі туралы ақпаратты тексеруде. Бұл туралы ҚазАқпаратқа еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің ТАСС агенттігі «Оңтүстік Кореяның Канвондо өлкесіндегі жарылыс салдарынан Ресейдің емес Қазақстанның азаматы зардап шеккендігін» хабарлаған болатын. Бұл жайында ТАСС тілшісіне аталған елдегі Ресейдің дипломатиялық өкілдігі консульдық бөлімінің меңгерушісі Владислав Мошкутело мәлім еткен.
«Елшілік сауалына жауап берген Корея Республикасының құзіретті органдары Ресейдің емес Қазақстанның азаматы жайында сөз болғанын нақтылады», - деді консул.
Бұған дейін «Ренхап» агенттігі зардап шеккен азаматтың ресейлік екендігін хабарлаған еді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Канвондо өлкесіндегі фермалардың бірінде жұмыс істейтін азамат танкіге қарсы қолданылатын минаға түсіп жарылған. Ол таяу маңдағы ауруханға жеткізілген.
Полиция мен әскери қызметшілер оқиғаны тергеуде. Канвондо өлкесі КХДР-мен шектеседі.