ҚР СІМ: Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қатынастардың шиеленісуі әлем елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына теріс ықпал етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қатынастардың шиеленісуі тек Таяу Шығыс, Африка, Орталық Азияның ғана емес, сондай-ақ басқа мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ықпал етеді.

ҚР СІМ: Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қатынастардың шиеленісуі әлем елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына теріс ықпал етеді

Жидда қаласында Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше отырысына қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Мусинов осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, Сауд Арабия бастамалық еткен осы министрлер кездесуінің басты тақырыбы Тегерандағы Сауд Арабиясы Корольдігі Елшілігінің және Мешхедтегі Бас консулдығының шабуылға ұшырауына байланысты жағдайды талқылау болды.

А. Мусинов өз сөзінде өңірдегі екі жетекші мемлекеттер - Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қатынастардың шиеленісуі тек Таяу Шығыс, Африка, Орталық Азияның ғана емес, сондай-ақ басқа мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ықпал ететінін атап өтті. Қақтығысушы тараптарды, сонымен қатар басқа да мемлекеттерді конфессияаралық шиеленістің әрі қарай өршіп кетпеуі үшін тиісті шаралар қабылдауға, мемлекеттер арасында келісімді қамтамасыз ету мен дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіру үшін саяси диалог орнатуға және елдер арасында келіссөздер жүргізуге шақырды.

Осы орайда қазақстандық дипломат шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге шабуыл жасауға жол берілмеуі тиіс екенін, ал аккредиттеуші елдер Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

Терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту қажеттілігін айта отырып, А. Мусинов кездесуге қатысушыларды өткен жылы қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен жарияланған, БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру, сонымен қатар БҰҰ-ның терроризммен күрес жөніндегі мәселені тұтастай қамтитын құжатын әзірлеу және оны қабылдау туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбевтың бастамасын қолдауға шақырды.