ҚР СІМ Сириядан оралған қазақстандықтар туралы: Елге қайтуға өздері ниет білдірді
«Операцияның гуманитарлық сипаты басым. Қазақстандықтардың өздері елге оралуға ниет білдірді, тіпті кейбірі қылмыстық жауапкершілікті өтеуге дайын болған», - дейді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі.
Олардың бірқатары туыстары мен БАҚ арқылы елге қайтаруды өтінген, осылайша туыстар мемлекеттік органдарға жүгінген.
«Сонымен бірге, еркінен тыс Сириядағы қарулы қақтығыс аймағында қалған қазақстандық балаларды да ұмытпаған жөн. Балалар мен әйелдер Маңғыстау облысындағы арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды. Олар медициналық тексеруден өтіп жатыр. Олар бір айға дейін оқшау ұсталады, барлығы жақындарымен байланысты уақытша шектеуге келісті», - деп өз сөзін толықтырды А. Смадияров.
Олармен психологтар, дінтанушылар мен педагогтар қосымша жұмыс істейді және жоғалған құжаттарды қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі. Карантин мерзімі аяқталған соң, балалар мен әйелдер өздерінің бұрынғы мекенжайына жіберіледі.
«Қазақстандық азаматтар Сирия аумағында «Сирия демократиялық күштеріне» өз еріктерімен берілген және біздің арнайы қызметтер мен әскерилердің қатысуымен өзге мемлекеттер арқылы Қазақстанға жеткізілді. Қазақстандық әйелдер мен балаларды елге қайтару процесі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан, қауіпсіздік мақсатында құтқарудың мән-жайы мен шетелдік қатысушылар туралы дерек құпия сақталады», - деді Айбек Смадияров.
Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын.
Мемлекет басшысы атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды.