ҚР СІМ: Таиландтағы қазақстандық туристерге сақ болған жөн
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Таиланд астанасындағы наразылық акцияларына байланысты қазақстандық туристерге сақтық шараларын сақтауды ескертіп отыр.
Таиландта «Бангкокты жабамыз» атты жаппай наразылық акциясы жалғасуда. Манифестанттар бірнеше басты көшелердегі қиылыстарды жауап тастады. Мемлекет билігі оппозиция наразылығы мен астанадағы жол-көлік қозғалысын жабу акциясы бір апталық мерзімге созылады деп дайындалып отыр.
«Қазіргі таңда Бангкок қаласы қаупі жоғары аймаққа айналып отырғанын ескере отырып, Таиланд астанасында жүрген біздің азаматтарымызға сақтық шараларын қабылдауды, көп адамдар шоғырланған жерлерге бармауын, сондай-ақ наразылық акциясына қатысты келеңсіз жағдайға ұшыраған жағдайда ҚР Елшілігіне мына «шұғыл желі» арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз: +66-85-222-3756, +66-2254-3043», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сонымен қатар министрлік қазақстандық туристтік агенттіктер мен әуе компанияларынан осы ақпаратты Бангкокқа бара жатқан немесе сол қалада жүрген өздерінің клиенттері арасында кеңінен таратуын ескертіп отыр.