ҚР СІМ Тайланд Үкіметінің қазақстандық ұшқыштарды босату жөніндегі ұсыныстарына риза және істің оң шешілетініне үміт артады

АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігі Тайланд Үкіметінің қазақстандық ұшқыштарды босату жөніндегі ұсыныстарына ризашылығын білдіреді және аталмыш істің оң шешілетініне үміт артады.

ҚР СІМ Тайланд Үкіметінің қазақстандық ұшқыштарды босату жөніндегі ұсыныстарына риза және істің оң шешілетініне үміт артады

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің ұшқыштарымыз ақпаның 11-не дейін қамауда отыр. Тайланд прокуратурасы осы күні істі жабу туралы, не болмаса қамау мерзімін ұзарту жөнінде шешім қабылдай алады. Себебі, заңнама бұған рұқсат береді. Біз ұшқыштарымызды босату жөніндегі ұсыныстары үшін Тайланд Үкіметіне ризашылығымызды білдіреміз. Алайда, шешім толығымен осы елдің прокуратурасының құзырында», деді брифингте А. Әбдірахманов.

«Біз тайладтық прокуратура мен осы елдің әділ сотының обьективтілігіне күмәнданбаймыз және істің біздің ұшқыштар үшін оң шешілетіндігінен үміттенеміз», деп толықтырды сөзін ол.