ҚР СІМ Тайландтың демалыс орындарында жүрген Қазақстан азаматтарын Бангкокке барудан уақытша бас тартуды сұрайды

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Тайландтың демалыс орындарында жүрген Қазақстан азаматтарын Бангкокке барудан уақытша бас тартуды сұрайды. Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлім етті.

ҚР СІМ Тайландтың демалыс орындарында жүрген Қазақстан азаматтарын Бангкокке барудан уақытша бас тартуды сұрайды

«Өздеріңізге белгілі болғандай, 25 қараша күні кешке Тайланд Үкіметі Бангкоктың бүкіл аумағына, оған қарасты екі өлкеде және халықаралық әуежайда ерекше қауіпсіздік режімін таратқан болатын. Қазіргі уақытта Бангкоктың негізгі туристтік орталықтарында жағдай айтарлықтай тыныш. Алайда бұл жағдайдың одан әрі қалай дамитыны туралы болжам жасау қиын. Осыған орай, үздіксіз жалғасып келе жатқан тұрақсыз жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтарын Бангкок қаласына барудан уақытша бас тартуға шақырамыз», - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкіл қазіргі уақытта Тайландтың демалыс орындарында жүрген Қазақстан азаматтарына да Бангкок қаласына барудан уақытша бас тарта тұруды және Қазақстанға оралу туралы алдын-ала жоспарлауды өтінетіндіктерін жеткізді.