ҚР СІМ Украинада өткен парламенттік сайлауға қатысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ Украинада өткен парламенттік сайлауға қатысты мәлімдеме жасады. Онда Қазақстан Республикасы 26 қазан күні Украина Жоғарғы Радасына өткен сайлауды қолдайтындығы жазылған. Бұл туралы ҚР СІМ ресми сайты хабарлайды.
«Жаңа парламентті құру - жалпыұлттық татулыққа, қоғамдағы тұрақтылыққа, Украина халқының мүддесіне сай келетін тиісті реформаларды өткізуге жол беретін маңызды қадам.
Біздің елдерімізді тарихи қалыптасқан өзара сенімділік пен түсіністік негізінде қаланған достық және әріптестік қарым-қатынастар байланыстырады. Біз украиндық азаматтардың таңдауына құрметпен қараймыз және Украина мен әлемдік қауымдастықтың саяси тұрақтылықты, қоғамды біріктірудегі және елдің дәйекті түрде дамуын қамтамасыз етудегі күш-жігеріне қолдау көрсететін боламыз», делінген мәлімдемеде.