ҚР СІМ «Вагнер» құрамына өткен студент жайлы: Қазақстанда қылмыстық жауапқа тартылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамындағы Қазақстан азаматын қайтаруға қатысты тиісті қолдау жасаймыз. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан азаматы «Вагнер» (ресейлік мемлекеттік емес қарулы құрылым) жеке әскери компаниясымен өз еркімен келісімшартқа отырған. Аталған жігіт видео арқылы тиісті мәлімде жасаған еді. Осындай әскери компаниялардың құрамына кіретін адамдар елімізде 5 жылдан 9 жылға дейін жазаға тартылатынын, яғни Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Ол жерде ешқандай романтика жоқ», - деді А. Смадияров елордадағы баспасөз мәслихатында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі аталған студенттің ата-анасына тиісті көмек жасап жатыр. Сонымен қатар Ресейдің құзырлы органдарына тиісті сауалдар жолданды.

«Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Бұл тұрғыда тиісті қолдау жасаймыз. Әрине, ол адам Қазақстанға келген жағдайда, қылмыстық жауапқа тартылады», - деді ресми өкіл.

Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде Ресейдің Томск мемлекеттік университетінде оқып жатқан 23 жастағы қазақстандық студенттің із-түзсіз кеткені жайлы ақпарат тараған еді.

Жерлесімізді «Вагнер» (ресейлік мемлекеттік емес қарулы құрылым) жеке әскери компаниясы құрамына мәжбүрлеп кіргізді деген болжам да айтылды.


Соңғы жаңалықтар