ҚР СІМ Йемендегі Қазақстан азаматтары бойынша түсініктеме берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігі Йемендегі Қазақстан азаматтары бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
4 сәуір күні Йемен уақыты бойынша сағат 14 шамасында ҚР-дың Омандағы Елшілігінің қолдауымен Ресей ТЖМ ұшағымен Қазақстанның бес азаматы: Оспанов Дастан, жұбайымен және баласымен, сондай-ақ Ақжанова Ильмира сәбиімен Йемен жерінен шығарылған болатын.
Йеменде тұрақты өмір сүретін тағы бір қазақстандық азамат Саханова Гүлмираның Санада қалғаны туралы хабар Қазақстанның Масқаттағы Елшілігіне 4 сәуір күні кешкі уақытта келіп түсті.
Азаматшаның туысқандарынан алынған байланыс телефон нөмірлері арқылы ҚР Омандағы елшілігі Г. Сахановамен хабарласып, оның елден эвакуациясы ресей тарапымен ертеңге келісілді.
Қазіргі уақытта азаматшамызға қауіп төніп тұрған жоқ. Қазақстанның Омандағы Елшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі аталған мәселені қатаң қадағалауда.