ҚР СІМ және ДДСҰ басшылары алғашқы көмек жөніндегі Астана декларациясын талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесус Астанада өткен Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференцияның қорытындыларын талқылады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Халықаралық қоғамдастық осындай беделді әлемдік форумды ұйымдастыруға, денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсетуге жеке назар аударғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, іс-шараның ҚР Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жақсы ұйымдастырылғанын айтып жатыр.
Кездесу барысында тараптар 25 қазанда форум қатысушылары бірауыздан қабылдаған Астана декларациясының маңызын атап өтті. Құжат сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін заманауи жетістіктер мен технологияларды қолдануды ескере отырып, 1978 жылғы Алматы декларациясының міндеттемелерін орындауда айнымастығын көрсетеді. 40 жыл бұрын Алматыда қабылданған бұл құжат алғашқы медициналық-санитарлық көмекке назар аудара отырып, әлемдегі денсаулық сақтау жүйесін түпкілікті дамытуға негіз қалаған.
Т. Гебрейесус Қазақстанның жаһандық деңгейде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Кездесу барысында тараптар 2019 жылдың мамырында Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ДДСҰ-ның Астана декларациясы негізінде қабылданатын қарарының перспективасын талқылады. Сонымен қатар, 2019 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте Дүниежүзілік денсаулық сақтауды қамту жөніндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі кездесу резолюциясын ұсыну жоспарланып отыр.