ҚР спорт шеберлері мен халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздарын армияға дайындайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, ұлттық құрама мүшелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР біріншілігінің жеңімпаздары, Еуропа және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында 9 маусымда басталатын «Айбын» жастардың тұңғыш республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысады.
Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қарулы Күштердің қатарына әскери қызметке жастарды дайындау, олардың жауынгерлік қызмет өткеру кезінде қажет дағдылары мен шеберліктерін қалыптастыру, дене тұрғысында жетілдіру - алдағы жиынның негізгі міндеттері болып саналады. Оған Қазақстан жастарының ең мықты, ақылды және белсенді өкілдері қатысатын болады.
«Бүгінгі өткізіліп отырған «Айбын» 1-ші республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ұйымдастырушыларына, яғни Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне өзімнің атымнан және генерал Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жеке құрамы атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді генерал С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің 10-сынып оқушысы Тотанов Нұржан.
«Осындай жарыстар жастарымыздың бойында әскери-техникалық білім, біліктілік пен дағдыны қалыптастыру, батылдыққа, ұйымдастырушылыққа тәрбиелеу, тәртіп пен жолдастық сезімін қалыптастырады деп ойлаймын. Мен осы аталған жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын және мақтанамын, мен үшін бұл абырой деп санаймын, сонымен бірге осы жарыстан үлкен әсер алдым. Сондықтан да біз «Нұрмағамбетовшылар» бүгінгі сайысты тек ойын ретінде қабылдамай, бізге дейінгі және қазіргі кездегі ең мықты азаматтарымыздың ар-намыс кодексі екенін естен шығармай бар күш-жігерімізді саламыз» - деді Нұржан Тотанов.