ҚР Статистика агенттігі 5 жылға арналған ҚАЗСТАТ жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылға қарай Статистика агенттігіне кәсіпорындар тапсыратын есептердің орташа саны 16 пайызға, ал статистикалық есептілік нысандарын толтыруға кететін уақыт 40 пайызға қысқарады. Бұл туралы бүгін ҚР статистика агенттігінде «ҚАЗСТАТ: ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жобаны» іске асыру барысымен таныстырған агенттік төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

ҚР Статистика агенттігі 5 жылға арналған ҚАЗСТАТ жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды

Оның мәліметінше, агенттік 5 жылдық ҚАЗСТАТ жобасын былтыр енгізген болатын. Жоба халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, Қазақстанның барлық статистика жүйесін жетілдіруге бағытталған. Германияның Статистикалық офисі басқаратын 6 шетелдік статистикалық офистің Консорциумы осы жобаны іске асыру бойынша Агенттіктің Твининг-әріптесі болып табылады.

«Жоба Агенттіктің және статистикалық ақпаратты түзетін басқа ведомстволардың әдіснамалық және талдамалық әлеуетін нығайтуға бағытталған. Жобаны іске асыру барысында халықаралық стандарттарға сәйкес 50-ден астам әдістеме әзірленіп, жетілдірілді. Сонымен қатар, жаңа стандарттар, жіктеуіштер, нұсқаулықтар енгізілді», - деп атап өтті агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, пайдаланушылардың үнемі өзгеріп тұратын жаңа қажеттіліктеріне жедел ден қою, шешім қабылдауда тиімді үдеріс үшін ұлттық статистика жүйесін жақсарту да орындалып жатқан жұмыстың нәтижесін көрсетеді.

«Деректерді жинау сапасы мен қамтылуы жақсарады, респонденттерге жүктеме төмендейді. Атап айтқанда, 2016 жылға қарай Статистика агенттігіне кәсіпорындар тапсыратын есептердің орташа саны 16 пайызға, ал статистикалық есептілік нысандарын толтыруға кететін уақыт 40 пайызға қысқарады», - деді Ә. Смайылов.

Шараға Германияның «DESTATIS» статистикалық кеңсесінің президенті Родерих Егелен мен аталған жобаның Дүниежүзілік банктегі жетекшісі Мустафа Динч қатысып, ҚАЗСТАТ жобасының ойдағыдай жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.