14:02, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Статистика агенттігі ақпанның 28-індегі халық санағының нәтижесін жариялады
АСТАНА. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ақпанның 28-і күнгі ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, Ұлттық халық санағынан 5 миллион 58 мың 116 адам өтті. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Агенттіктің баспасөз хатшысы Динара Жандаева мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл көрсеткіш бір күндік норманың 107 пайызын құрайтынына тоқталған ол, «ең үлкен белсенділік Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарында байқалды. Астана мен Алматы қалаларында санақ қарқыны өзге аймақтармен салыстырғанда төмен жүруде», деді.
Халық санағы кезінде қызық оқиғалар кездесіп жататынын жеткізген Д. Жандаева, «мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 100-ге жеткен қария тіркелді. Ол кісінің бүгінде сегіз баласы, сегіз немересі, сегіз шөбересі және сегіз шөпшегі бар», деді.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, еліміз бойынша 58 мыңнан астам санақшының әрқайсысы санақ кезінде 300-ге жуық адамды тіркеуі қажет. Сонымен қатар санақшыны күтпей-ақ ел азаматтары арнайы құрылған санақ учаскелерінде өздерін тіркей алады. Қазіргі кезде Қазақстанда мұндай 1 мың 674 учаске бар.