ҚР Статистика агенттігі кәсіби мерекелеріне орай ашық есік күнін өткізді
АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі 8 қараша - статистика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай дәстүрлі ашық есік күнін өткізді.
Оған келген мемлекеттік органдардың өкілдері, кітапханашылар, мектеп, арнайы және жоғары білім беру мекемелерінің мамандары Агенттіктің жұмысымен танысып, мемлекеттік статистиканың даму болашағына көз жеткізді. Шара барысында қазақстандық статистикада жаңа ақпараттық технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесі көмегімен статистикалық ақпаратты таратуға арналған заманауи әдістер кеңінен талқыланды.
Статистика агенттігі «Талдау» АТЖ-ні құрудың алғашқы кезеңін сәтті аяқтады. Жүйе қолданушылар үшін ағымдағы жылдың мамырынан бастап қолжетімді. Егер бастапқыда жүйеден 300-ге жуық статистикалық көрсеткішті көруге мүмкін болса, бүгін қолданушылар Қазақстанның даму жағдайына 600-ден астам статистикалық көрсеткіш бойынша талдау жасай алады. Ал алдағы жылы олардың саны 2 мыңға жеткізілетін болады.
Агенттік ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын жасалатын сауалнамалар орналастырылған ақпараттардың көлемі бойынша қолданушылардың қанағаттану деңгейі 2008-2010 жылдар аралығында 75-тен 85 пайызға, ақпараттарды ұсыну формасы бойынша 40-тан 50 пайызға, ал деректердің нақтылығы бойынша 60-тан 70 пайызға артты.
«Электронды үкімет» бағдарламасы аясында 2010 жылы «е-Статистика» Интегралды ақпараттық жүйесі іске қосылды. Оның шеңберінде республикалық ауқымдағы ақпараттық жүйені құру жоспарланып отыр.