ҚР Статистика агенттігі: Қазақтардың ең тығыз шоғырланған өңірі - Қызылорда облысы

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Республикада қазақтардың ең тығыз шоғырланған жері - Қызылорда облысы.

ҚР Статистика агенттігі: Қазақтардың ең тығыз шоғырланған өңірі - Қызылорда облысы

Бүгін бұл жөнінде брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Оның атап көрсеткеніндей, Қазақстанда саны бойынша неғұрлым көп болып табылатын қазақтар, орыстар, өзбектер, украиндар, ұйғырлар, татарлар және немістер, олардың үлесіне елдің 95, 6 пайыз халқы жатады.

«Жекелеген ұлттардың өңірлер бойынша орналасуы әртекті. Санақ бойынша Қызылорда облысындағы халықтың 95 пайыздан астам үлесін қазақтар құраса, келесі облыстарда: Маңғыстау - 88,2 пайыз, Ақтөбе - 79,4 пайыз, Оңтүстік Қазақстан - 72,3 пайыз, Батыс Қазақстан мен Жамбыл - 71,4 пайызды құрады», дейді Агенттік төрағасы.

Ә. Смайыловтың айтуынша, Қазақстандағы өзбектердің 87,9 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ал ұйғырлардың 96 пайызға жуығы Алматы қаласы мен Алматы облысында шоғырланған. Немістердің 70 пайыздан көбі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай мен Қарағанды облыстарында тұратыны анықталған.