10:35, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
ҚР Статистика агенттігі Ұлттық халық санағына қатысты мектеп оқушыларымен интерактивті сабақ өткізді
АСТАНА. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат - Қаңтардың 28-і күні ҚР Статистика агенттігі Қазақстандағы 400-ден астам мектеп оқушыларының қатысуымен ақпанның 25-і мен наурыз айының 6-сы аралығында өтетін Ұлттық халық санағы бойынша интерактивті сабақ өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қатысушылар бұған дейін болған он-лайын байланыстардың ішінде қызықты әрі танымды болды деп - жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қолға алынып жатқан шаралар мен еліміз жолдарындағы апаттарға қатысты ҚР Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен, республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен, «Әскер Отанды қорғау жолында» тақырыбындағы Қорғаныс министрлігімен және өрт қауіпсіздігі шараларына қатысты Төтенше жағдайлар ведомствосымен болған сұхбаттарды атап көрсетті. Оқушылармен байланыста ҚР Статистика агенттігі Әлеуметтік және демографиялық статистика департаментінің директоры Әсия Қасенова болды. Ол Ұлттық халық санағы мен оны өткізудің маңыздылығы, аймақтарда жүріп жатқан дайындық жұмыстары жайында баяндап берді. Өз кезегінде оқушылар санақ уақытында азаматтарға неліктен 45 сұрақ қойылатыны, деректердің құпиялығы қалай сақталатындығы, санақшылардың киім ерекшеліктері мен санаққа қатысудан бас тартқан азаматтарды жауапқа тарту көзделген бе деген сұрақтар жолдады.