ҚР Статистика агенттігінің қызметкерлері алдына заңнама талаптарын міндетті түрде ескеру мақсаты қойылып отыр - Ә. Смайылов
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ҚР Статистика агенттігінің қызметкерлері алдына заңнама талаптарын міндетті түрде ескеру мақсаты қойылып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте аталған агенттіктің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Статистика агенттігінің бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Олар өткен жылдағы халық санағына арналған мемлекеттік қаржыны жымқыру фактісі бойынша айыпталған болатын.
«Кінәлі адамдарға қатысты қозғалған қылмыстық іс фактісінің өзі барлық қызметкерлерді тәртіпке шақырып отыр. Бұл шара өз кезегінде ықпал ету дәрежесіне ие болды»,-деді ол.
«Атап айтқанда, кадрлардың ротациясы жүргізілді. Оның ішінде біздің агенттіктің қаржы департаментінде осындай шаралар өткізілді. Басшылыққа абыройы таза, тиісті жұмыс тәжірибесі бар адамдар тағайындалды», - деді Агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, Агенттіктің қаржы департаментінің бұрынғы директоры қызметтен өз еркімен кеткен.
Осы тұрғыда Ә. Смайылов олардың алдына заңнама талаптарын міндетті түрде ескеру мақсатты қойылып отырғандығын жеткізді. «Сонымен бірге, барлық қызметкерлермен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан Агенттік төрағасы ведомство бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жағдайына жауап беретінін ескерсек, мен өзім бұдан бұрынғы жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды іске асырудамын», - деді ол.