ҚР стратегиялық зерттеулер институты: Халықпен бірге Елбасының сауығуын тілейміз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Шәукенова Зарема Елбасының коронавируспен ауырып қалуына орай өз қолдауын әрі тез сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

ҚР стратегиялық зерттеулер институты: Халықпен бірге Елбасының сауығуын тілейміз

***

Бүгін Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Covid-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлады. Соған қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы өзін-өзі оқшаулап, қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастыруда.

Біз Елбасының ел игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқанының куәгеріміз. Бұл қазіргі күрделі жағдайда, коронавирус пандемиясына байланысты елде енгізілген карантиндік шаралардың әрекет ету кезеңінде ерекше қажет. Бүгінгі таңда сұрақтардың басым бөлігі Тұңғыш Президент басқаратын Қауіпсіздік Кеңесінің назарында тұр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің жұмыс кестесі тығыз, бос уақыт жоқ, оған екіжақты кездесулер мен Nur Otan партиясының қызметіне байланысты көпжақты жиналыстар, Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның тиімділігі туралы мәселелер кіреді. Алда партия үшін жауапты сәт – ҚР Парламенті Мәжілісіне кезекті сайлау бар. Елбасы партияның «қайта жүктеу» процесін жеке бақылауында ұстауда.

Саяси мәселелерден басқа, Елбасы әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерге көп көңіл бөледі, оның ішінде жастарды дамыту және
мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша жобаларға бастамашы болып, қолдау көрсетіп отыр. Карантин кезінде Елбасы партияға еліміздің шағын қалалары мен ауылдарының мұқтаж тұрғындарына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. «Birgemiz» қорының қаражатынан 360 мыңнан астам отбасы қаржылай көмек алды, 240 мың отбасына азық-түлік жеткізілді. Сонымен қатар, 2100-ден астам медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне бірреттік қаржылай көмек берілді. Қор су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына арналған үйлердің құрылысына 340 млн теңге бөлді.

Біз Елбасының өзінің өмірлік жолындағы қиын сынақтарда көп рет жеңіске жеткеніндей, індетті де жеңетініне сенімдіміз! Ол – табиғатынан Көшбасшы-Жеңімпаз тұлға! Біз, халқымызбен бірге Нұрсұлтан Әбішұлына тезірек сауығып кетуін тілейміз!