ҚР Сыртқы істер министрі мен АҚШ Энергетика министрі ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 6 сәуірде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен АҚШ Энергетика Министрі Эрнест Мониздің екіжақты кездесуі өтті.

ҚР Сыртқы істер министрі мен АҚШ Энергетика министрі ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылады

Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын талқылады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.  Ерекше назар жақында Вашингтон қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Ядролық қауіпсіздік Саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне аударылды. 

Сыртқы саяси ведомствосының басшысы АҚШ Энергетика министрін Иран ядролық бағдарламасы шеңберіндегі келіссөздер үдерісінің сәтті аяқталуымен құттықтай отырып, Қазақстан осы мәселеге ерекше назар аударатындығын және оның өңірдегі сауда-экономикалық ахуалды жақсарту көзқарасынан маңызы зор болып табылатынын атап өтті. 

Тараптар Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы энергетикалық әріптестік жөніндегі арнайы комиссияның (ЭӘАК) жұмысына жоғары баға беріп, оның одан әрі дамуына сенімдерін білдірді. Сұхбаттастардың пікірінше ЭӘАК ядролық қауіпсіздік, атом энергетикасы, көмірсутек ресурстары, жаңартылған энергетика және энерготиімділік, сондай-ақ электроэнергетика сияқты басым бағыттағы екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды және сәтті тетік болып саналады. 

Жаһандық ядролық қауіпсіздік режимі мен таратпау мәселелері жіті талқыланды. Америкалық тарап АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкінің құрылуы, сондай-ақ Иран ядролық бағдарламасы бойынша екі раунд келіссөздерді өткізу үшін алаңды табыстағаны үшін Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Сонымен бірге, тараптар атом, мұнай-газ және химиялық өнеркәсіп саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ҚР-дың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тұрғысынан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, америкалық тараптың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қолғабыс көрсетуі, сондай-ақ дәстүрлі және баламалы энергетика салаларындағы мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың бірлескен жобаларын іске асырудағы болашақ рөлін ерекше сеніммен атап өтті. 

АҚШ энергетика ведомствосының басшысы климаттың жаһандық өзгеруіне қатысты өзінің алаңдаушылығы мен болашақ ұрпақ үшін таза экологияны сақтаудағы бейілділігін баса айтып, Қазақстанның алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне АҚШ-ты қатысуға шақырғанын қуаттады, сондай-ақ ҚР Президентінің ЭКСПО-сити инфрақұрылымының негізінде БҰҰ жанындағы Жасыл технологияларды дамыту орталығын құру жөніндегі бастамасын және болашақта «Астана» Халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға америкалық компаниялар мен инвестициялық қорларына мүмкіндік берілетіні жайлы оң пікір білдірді.