ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайда мотоциклдің мас жүргізушісін қағып өлтірген қазақстандыққа көмек беруде
ТАНА. 8 тамыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайда мотоциклдің мас жүргізушісін қағып өлтірген қазақстандық автобус жүргізушісіне көмек беруде.
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлім етті.
Төтенше оқиға 6 маусым күні Қытайда, Қоталғаш елді екеніне таяу жерде орын алған. А.Абдрахмановтың мәліметтеріне сәйкес, қаза тапқан қытайлық азаматтың қан құрамынан алкоголь белгісі табылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан қытай азаматы қаза тапты. Ел заңнамасына сәйкес, автобус жүргізушісіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, ол әлі аяқталған жоқ», - деді ол.
Сонымен қатар ҚР СІМ ресми өкілі еліміздің азаматшасынан Қытайдың құқық қорғау органдары істі жабу үшін ірі көлемде ақша бопсалады деген ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл орайда әңгіме қаза болған азаматтың отбасына өтемақы төлеу жайында болып отыр», - деді ол.