ҚР Сыртқы істер министрлігі шенген визасына қатысты түсінік берді

None
Фото: luxtour.by
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров шенген визасын беру кезінде қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесіне Қазақстанды енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы күшіне енген Қазақстан мен Еуропа одағы және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, тараптар Қазақстан және Еуро одағы азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздер жүргізу мәселесі бойынша жан-жақты диалог жүргізуге келісті. Сондай-ақ адамдар арасындағы байланыстарға жәрдемдесу және кеңейту міндеттемелерін қабылдады. Бұл ретте, 2017 жылдан бастап Қазақстан Еуропа одағындағы барлық елдер азаматтары үшін елімізге келу үшін визасыз режимді енгізді. Қазіргі уақытта министрлік визалық рәсімдерді жеңілдету үшін және азаматтарымыз үшін өзара қолайлы тетіктерді әзірлеу мақсатында Еуропадағы әріптестерімізбен консультацияларды жалғастырып келеді. Жақын арада Еуропа жағынан нақты қадамдар күтеміз», - деді А. Смадияров.

Осы орайда ол Қазақстан мен Еуропа одағы кең ауқымды мәселелер бойынша әріптестікті одан әрі нығайтуға екпін қойып отырғанын айтты.

«Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келетін болсақ, біз Еуропа жағынан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда, жұмыс тәртібінде талқылау кезінде бізге тиісті мәлімет келіп түсті, яғни 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтарға қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Бұл тұрғыда әдеттегі жұмыс процесі ескерілген. Біздің ойымызша, мұндай қадам Шенген келісіміне мүше бір елдің сұранысы бойынша іске асырылып отыр. Өйткені, Еуропа Одағының ережелеріне сәйкес, ЕО мен Шенген аймағының елдері виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқығы бар», - деді ресми өкіл ведомствода өткен апталық брифингі барысында.

Оның айтуынша, мұндай консультациялар жеті күнге созылуы мүмкін. Бұл ретте визалық сауалнамаларды жалпы қараудың стандартты мерзімі бұрынғыдай қалады –15 күнге дейін.

«Яғни іс жүзінде біздің азаматтарымыз үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер болмайды», - деді А. Смадияров.


Соңғы жаңалықтар
telegram