ҚР Сыртқы сауда палатасы отандық экспорттаушылардың Қытайға тауар экспортына қолдау жасайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Бейжіңге ресми сапары барысында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен «Чжун синьцзянь» Синьзянь мемлекеттік өндірістік-құрылыс корпорациясы халықаралық компаниясы арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

ҚР Сыртқы сауда палатасы отандық экспорттаушылардың Қытайға тауар экспортына қолдау жасайды

Айта кетейік, аталған құжат қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен экспорттаушылары үшін өздерінің тауарларын Сыртқы сауда палатасы арқылы «жалғыз терезе» қағидаты» бойынша Қытайға жөнелтуге септігін тигізеді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге Қытай Халық Республикасынан инвестиция тарту және технологиялар трансферін жүзеге асыру мүмкіндігі де ұсынылатын болады.

«Қазіргі қиын-қыстау кезеңде шет елдермен ынтымақтастық орнатудың маңызы өте зор. Қытайға өнім жеткізу кезінде қиыншылықтарға тап болатын отандық экспорттаушылардың осыған қатысты сауалдарын ескеріп, біз қос елдің бизнес қауымдастықтары алдында үлкен перспективаларға жол ашатын жаңа іскерлік формат ойластырдық. Аталған тетік елдер арасында орнықты серіктестіктің кепіліне айналатынына сенімдіміз», - деді қытайлық әріптестерімен кездесу барысында Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мейірбек Мәжитов.

Оның сөзіне қарағанда, іскерлік келіссөздер барысында тараптар сүт, май өндірісі, өсімдік шаруашылығы, тұрмыстық қызмет көрсету саласы секілді секторларды қамтитын өңдеуші өнеркәсіпте ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалған. Оның айтуынша, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мұрындық болған қазақстандық делегацияның Бейжіңге сапары отандық кәсіпкерлер үшін үлкен перспективаларға жол ашады.

«Келіссөздер барысында тараптар өңдеуші өнеркәсіптегі ынтымақтастықтың негізгі тармақтарын да айқындады. Соның ішінде негізінен сүт, өсімдік майлары өндірісі, өсімдік шаруашылығы, жеміс жидек дақылдарын өсіру, мал шаруашылығы, тамшылатып суару материалдарын даярлау, сонымен қатар, тұрмыстық қызмет көрсету салаларына басымдық берілмек», делінген баспасөз баянында.

Жалпы Қазақстанның сыртқы сауда палатасы Бейжің сапарының отандық бизнес үшін үлкен перспективалар ашып, екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді деп санайды.