ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басшысы азаматтардың электр энергиясы тарифтерінің көтерілуі бойынша сұрақтарына жауап берді
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР табиғи монополияларды реттеу бойынша агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов ведомствоның ресми сайтында (www.arem.kz) үш сағатқа созылған ғаламтор мәслихатын өткізді.
ТМРА-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «әлемдік тордағы» сұхбат Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру аясындағы тарифтік саясатқа арналған еді.
Оnline мәслихаты барысында ТМРА-нің басшысына барлығы 21 сұрақ келіп түсті. Әңгімелесу қатысушыларын ең алдымен тарифтік құрылулар, лицензияларды беру тәртібі, электр энергиясы мен суға теңдестірілген тарифтер енгізу, жылу энергиясын есептеу құралдарын орнату және тағы басқа көптеген мәселелер қызықтырды.
Мәселен, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап электр энергиясы тарифтерінің өсуі немен байланысты және бұл мәселе ТМРА-мен реттеле ме деген сұраққа Мұрат Оспанов электр энергиясын сату бағасы электр энергиясының стансалар шиналарының құнына, электр энергиясының аймақтық және аймақаралық деңгейдегі желілер бойынша таратылуына, сондай-ақ жабдықтауға кететін шығындарға негізделіп құрылатынын айтты.
Өз есебінде Мұрат Оспанов ҚР «Электр энергетикасы туралы» Заңы бойынша тұтынушы жеке тұлғалар электр энергиясына төлеген кезде тәуліктер аймақтары немесе тұтыну мөлшерлеріне байланысты теңдестірілген тарифтерді таңдау құқығына ие екендерін атап өтті. Көп мөлшерлемелік есеп құралын орнату тұтынушының электр энергиясына тәуліктер аймақтар бойынша теңдестірілген тарифтер бойынша төлеу шешімін қабылдағанда ғана қажет.
ТМРА төрағасының толық жауаптары www.arem.kz сайтында жарияланған.