ҚР табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдама жобасының 8 басым мақсаты

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасын таныстырған ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин аталған құжат жобасының 8 басым мақсатын атады.

ҚР табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдама жобасының 8 басым мақсаты

Министрдің атап өтуінше, бірінші мақсат табиғи ресурстарды одан әрі зерттеу, жаңа кен орындарын іздеу мен оларды есепке алу болса, екіншісі жоғары әлемдік сұранысты мемлекет мүдделерінде пайдалану үшін табиғи ресурстарды өндірудің және оларды әлем нарығына шығарудың қарқынын арттыру болып саналады.

«Үшіншісі - ішкі нарықты жаңа экономикалық стандарттарға сәйкес отандық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету. Төртіншісі - шетелдік инвестицияларды шиікзатты өндіру мен қайта өңдеудің заманауи технологияларына қолдану, сондай-ақ жаңа өндірістерді құру шартымен ғана тарту үшін жағдай жасау», - деді ол.

Ұ. Қарабалиннің атап өтуінше, бесінші басым мақсатта балама энергия түрлерінің өндірісін дамыту қарастырылады. Ал алтыншысында өндіруші кәсіпорындардың тек қана экологиялық зияны жоқ өндірістерді енгізуі көзделеді. Жетінші мақсатта көмірсутек шикізатының стратегиялық қорын құруға басымдық беріледі. Ал соңғы басым мақсатта шикізат секторынан түскен табыстарды оңтайлы басқару қарастырылады.